"Реалға" бас жаттықтырушы тағайындалды

О Сансызбай Корреспондент
"Реалға" бас жаттықтырушы тағайындалды
Фото ©️ Eurosport

Мадридтің "Реал" футбол клубына бас жаттықтырушы тағайындалды. Команда тізгінін қазіргі Испания құрамасының бас жаттықтырушысы Хулен Лопетеги ұстайтын болды.

БӨЛІСУ

"Корольдік клубтың" ресми сайты хабарлағандай, қос тараптың келісімшарты үш маусымға жоспарланған. Испандық маман жұмысына әлем чемпионатынан кейін кірісетін болады.

Хулен Лопатеги Испания құрамасын 2016 жылдан бері жаттықтырып келеді. Одан бергі аралықта "қызыл фурия" бірде-бір рет жеңіліс тапқан жоқ. 13 рет ұтып, 6 кездесуде тең түскен.

Жаттықтырушы жас кезінде қақпашы болған. "Реалда", кейіннен "Барселона" клубтарында ойнаған. Негізгі құрамға ілікпеген. Сондай-ақ спорттық мансабында "Лас-Пальмас", "Логроньес" және "Райо Вальекано" клубтарында ойнаған.

Хулен Лопетеги 2003 жылдан бері жаттықтырушылық қызмет атқарып келеді.

Айта кетейік, осыған дейін корольдік клубты Зиннедин Зидан жаттықтырған еді. Командамен үш маусым қатарынан Чемпиондар лигасын ұтқан маман қызметінен өз еркімен кетті. Мұндай шешім қабылдауына түрлі себептер айтылды.