Илья Ильин спортқа қайта оралды

Илья Ильин спортқа қайта оралды
Фото: Азаттық

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин спортқа қайта оралды. Спортшы бүгін Астанада өткен Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен ресми баспасөз жиыны кезінде хабарлады.

Ильяның жаза мерзімі кеше аяқталды. Ол енді Қазақстан құрамасы сапында жарыстарға қатыса алады.

- Кеше мен ерекше толқыдым. Бұл күнді асыға күткен едім. 24 мамыр күнгі туған күнімде мұндай сезімде болмаған едім. Осы уақыт ішінде мені демеп-жебеп отырғандар аз болған жоқ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, «мен үшін сен чемпионсың» деген болатын. Мен бақыттымын, елбасының өзі бағалады. Арқамнан бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Көңіл-күйім көтеріңкі. Мен өзімнің сүйікті ісіме қайта оралғаныма қуаныштымын, - деді спортшы.

Еске салайық, Илья Ильин 2008 және 2012 жылғы Олипиада чемпионы атағынан допинге байланысты айырылып, екі жылға спорттан шеттелген еді. Шеттетілу мерзімі 2016 жылдың 10 маусымынан бастап есептелген болатын.

Осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) үстінен Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсіргені жайлы ақпарат жарияланған еді. Қазақстан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен Халықаралық олимпиада комитеті шығарған Токио Олимпиадасына іріктеу ережесімен келіспейді. Себебі допинг дауына байланысты Ресей, Қазақстан, Армения, Әзірбайжан мен Беларусь елдері Токио Олимпиадасына екі ауыр атлеттен (бір ер, бір әйел) ғана қатыстыра алатыны жайлы айта кеткен еді.

Ө. Сансызбай