"Атлетико" - Еуропа лигасының жеңімпазы!

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Атлетико" - Еуропа лигасының жеңімпазы!
Фото ©️ Reuters©

Футболдан 2017/2018 жылғы маусымдағы Еуропа лигасын Мадридтің "Атлетико" командасы жеңіп алды. Лионда өткен финалда испандық ұжым Францияның "Марсель" командасын 3:0 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Ойында мадридтік клубтың үздік ойыншыларының бірі Антуан Гризманн дубль жасаса, кездесу аяқталар тұста Габи есепті еселеді.

"Марсельдің" ойын басында гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Валер Жерменнің тепкен добы қақпа бағанынан биік кетті. Ал 32 минутта Димитри Пайенің жарақат алуы – француз ұжымының жоспарын жаңылыстырды.


"Атлетико" "Марсельден" бір бас жоғары жоғары екенін байқатып, биылғы Еуропа лигасындағы үздік команда екенін дәлелдеді. Мадридтік ұжым өз тарихында бұл атақты үшінші рет иеленіп отыр. Олар 2010 және 2012 жылдары да бас жаттықтырушы Диего Симеонемен бірге жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, биылғы маусымдағы Еуропа лигасына елімізден "Астана" футбол клубы қатысты. 1/16 финалда Лиссабонның "Спортинг" клубына жол беріп, жарысты аяқтаған еді.

Чемпиондар лигасының финалы 26 мамыр күні Украина елінің астанасы Киевте өтеді. "Реал" мен "Ливерпуль" чемпиондық атаққа таласатын болады.