"Алматы марафонында" Олимпиадаға қатысқан спортшы үздік шықты

"Алматы марафонында" Олимпиадаға қатысқан спортшы үздік шықты
Фото: massaget.kz, vesti.kz

Жетінші рет жалауын желбіреткен "Алматы марафоны" өз мәресіне жетті. Бүгін өткен спорттық шараға 14 000-нан астам адам қатысты.

Жарысқа тіркеу бірнеше күн бұрын аяқталған. Биыл қатысуға тіркелгендер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Сондай-ақ өзге 38 елден қатысуға келгендер бар.

Марафонға қатысушылардың көпшілігі 10 шақырым қашықтыққа тіркелген. Ал марафон қашықтығына (42,195 км) 1000-нан асық адам қатысты.

Биыл марафон жолы өзгерді. Жылда Тұңғыш Президент паркі маңынан басталып, Орталық стадионда аяқталса, биыл сөре мен мәре Жаңа алаңда болды. 42,195 шақырымға жүгіргендер екі айналым жасады.

- Бүгінгі марафонның жаңалықтары көп. Жаңа жол, сөре мен мәренің бір жерде орналасуы. Неге жарыс жолын ауыстырды десеңіздер, Халықаралық марафон және жүгіру спорты қауымдастығы (AIMS) ережесіне сәйкес бізге қайтадан сертификаттаудан өтетін уақыт келді, - деді  Алматы марафоны жарысының директоры Салтанат Қазыбаева.

Биыл "Алматы марафонының" рекорды жаңармады. Былтыр үздік көрсеткішке қол жеткізген Николай Григоров биыл екінші болып келді. Ресейлік марафоншы өткен жылы мәреге 2 сағат 30 минут 09 секундта жүгіріп жеткен еді.

Жетінші рет ұйымдастырылған марафонда қазақстандық спортшы Михаил Красилов үздік шықты. Ол мәреге 2 сағат 33 минутта жетті. Бірер апта бұрын Ганноверде өткен марафонда 2:24:24 уақыт көрсеткішімен 6-орын алған еді.

Үшінші орынды Өзбекстаннан келген марафоншы Ортык Рамазанов иеленді. 

Бірінші орын иегеріне 400 000 теңге, екінші орынға - 300 000 теңге, үшінші орынды алған марафоншыға 250 000 теңге табысталды. 

- Жарыс жолы оңай болған жоқ. Жоғары нәтиже көрсету үшін  барымды салып дайындалдым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, - деді Михаил Красилов.

Осы тұста айта кетейік, Михаил 2016 жылы Қазақстан құрамасы сапында Риодағы Олимпиада ойындарына қатысқан. 2:26:11 сағат уақыт көрсеткішімен 101-орын алған.

Әйелдер арасында Дана Айдосова үздік шықты. Жақында ғана Валенсияда жартылай марафоннан өткен әлем чемпионатына қатысқан спортшы 42,195 шақырымды 3:04 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өтті. Екінші болып Анастасия Колмагарова келсе, Аида Естерекова үшінші орынға ие болды.

21 шақырым қашықтықта ерлер арасында Ислам Аманғос 1 орынды жеңіп алды. Сәйкесінше, екінші орынды Ерлан Жанасанов, 3 орынды Руслан Оглов иеленді.

Қыздар арасында бұл қашықтықта Жанна Момыржанова топ жарды. Мәреге екінші болып Айман Радова, үшінші болып Наргиза Лебедева жетті.  

Сондай-ақ  10 шақырым қашықтықта жүгірген марафоншыларға да жүлделер табысталды. Жас қатысушылар 3 шақырымдық қашықтықта бақ сынады.

Биыл экиден (эстафета) жарысына қатысатын командалар саны да артқан. 99 команда қатысты. Бірінші орынды Президенттік полктің "Батыр – 1" командасы жеңіп алды. Екінші орынға "Omron" компаниясының командасы ие болды. Үшінші орынды Президенттік полктің "Батыр-2" командасы иеленді.

Экиден жарысына Effective Media Liaison компаниясынан үш команда қатысты. Massaget.kz, Tengrinews.kz және Vesti.kz сайттарының журналистерінен құралған командалар жарысты сәтті аяқтады.

Айта кетейік, "Алматы марафонынан" түскен қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалады. 

Ө. Сансызбай