Какаудың орнына Кака келеді

Какаудың орнына Кака келеді
Фото: sportsffa.kz

"Қайрат" футзал клубының басшылығы команданың бас жаттықтырушысы ауысатындығын ресми түрде хабарлады. Қазіргі жаттықтырушы Какаудың орнына өзге бразилиялық маман Кака келеді.

Алматылық команда жалпы жиналыс кезінде жаңа жаттықтырушы келетінін жариялады. Қазіргі жаттықтырушы Какаумен келісімшарт осы маусымның соңында аяқталады.

"Қайратты" жаңа маусымнан бастап бразилиялық маман Кака жаттықтырады. Қазіргі таңда ол Ресейдің "Газпром-Югра" командасын жаттықтырып жүр.

Айта кетейік, Какау "Қайрат" командасының тізгінін 2013 жылы ұстаған еді. Одан бергі аралықта екі рет УЕФА кубогы, әлем Суперкубогы, төрт рет Еременко кубогын жеңіп алды. Үш рет ел Суперкубогын, бес рет Қазақстан кубогы мен чемпиондық атағын иеленді. Ақпан айында жаттықтырушы ұлттық құрамадан да кететінін айтқан болатын.

"Қайрат" футзал клубының жаңа жаттықтырушысы наурыз айының соңында ресми түрде таныстырылатын болады.

Ө. Сансызбай