Футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталды

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының бірінші туры өтті. Жаңа маусымның алғашқы ойындарында қызықты жайттар көп болды.

Атап айтар болсақ, Қызылордада өткен "Қайсар" мен "Ақтөбе" арасындағы кездесуде матчқа дейін аутсайдер саналған ақтөбелік клуб 0:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын барысында қызылордалықтар айтарлықтай басымдылық көрсете алды. Алайда, қонақтардың жас ойыншылары олардың қарқынына төтеп беріп қана қоймай, 75-минутта пенальтиден гол соғып, алға шықты. Алаң иелері қанша тырысқанымен ала допты қарсыластарының қақпасына дарыта алмады. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Асланбек Кәкімов.

Осы матчпен қатар өткен Алматыдағы кездесуде "Қайратқа" қарсы ойнаған "Қызыл-Жар СК" клубы да ақтөбеліктердің ерлігін қайталауға аз-ақ қалған. Алайда, 26-минутта Братислав Пуношевацтың арқасында алға шыққан олар ойынның аяқталуына бірнеше минуттар қалғанда қатарынан екі гол жіберіп, қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. "Қайрат" сапынан алдымен 80-минутта Исаель Барбоза гол соғып, есепті теңестірсе, араға жеті минут салып Андрей Аршавин (87-минут) алаң иелерін алға шығарды. Есеп 2:1.

Павлодарда болған матчта жергілікті "Ертіс" 2:1 есебімен "Атыраудан" басым түсті. Маусымның алғашқы голы да осы ойында соғылды. Оны соққан чемпионаттың ең жас бапкері Жерар Нустың командасы - "Ертіс". Бір қызығы, "Атырау" қақпашысы Андрей Пасеченко осымен үшінші жыл қатарынан "маусымашар" допты қақпасына жіберіп отыр. Голдарды соққан: Павел Шабалин (5-минут), Дору Попадюк (21-минут), Томислав Барбарич (90-минут).

2:1 деген есеп тіркелген тағы бір ойын Шымкентте өтті. Мұнда "Ордабасы" қарағандылық "Шахтерді" қабылдаған болатын. Аса тартысты өткен кездесудің 22-минутында Еркебұлан Тұңғышбаев гол соғып, алаң иелерін алға шығарды. 51-минутта Дамир Кояшевич айып добын сәтті орындап, есепті теңестіріп кетті. Алайда, қонақтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 64-минутта Иван Нагаев "Ордабасының" жеңіс голын соқты. Айта кетерлігі, бұл ойын алғашқы турдағы ең көп жанкүйер жиналған кездесу ретінде де тіркелді. Бұл матчты көруге 12 000 адам келген.

Талдықорғанда өткен ойында "Жетісу" мен "Тобыл" командалары кездесті. Бұл матчтағы жалғыз голды 39-минутта қонақтар шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек соқты. Тұрысбек 2015-2016 жылдары "Жетісуда" өнер көрсеткендіктен, бұрынғы командасына деген құрмет белгісі ретінде соққан голын асыр салып тойламады.

Бұл ойындардың бәрінен бір сағатқа кеш басталған елордадағы кездесу айтарлықтай жаңалық алып келмеді. Оралдың "Ақжайығын" қабылдаған ел чемпиондары жақында бапкер ауыстырса да 3:0 есебімен басым түсті. Голдарды соққан: Марин Томасов (9-минут), Сергей Малый (73-минут), Серікжан Мұжықов (79-минут).

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

17 тамызда карантин қалай кезең-кезеңімен алынады?
17 тамызда карантин қалай кезең-кезеңімен алынады?
Балаларды желідегі буллингтен қалай сақтандыру керек?
Балаларды желідегі буллингтен қалай сақтандыру керек?
Өмір атты жүйкенің мәнін жоғалтпау. ER-BATYR жобасында Мақсұт Жұмаев
Өмір атты жүйкенің мәнін жоғалтпау. ER-BATYR жобасында Мақсұт Жұмаев
Forbes әлемдегі ең табысты актерлердің рейтингін жариялады
Forbes әлемдегі ең табысты актерлердің рейтингін жариялады
Әйнекті ерітетін жалғыз қышқыл
Әйнекті ерітетін жалғыз қышқыл
Қарбызды кімдер жемегені дұрыс
Қарбызды кімдер жемегені дұрыс