"Астана" қарымта ойында "Спортингпен" тең түсті

"Астана" қарымта ойында "Спортингпен" тең түсті
Фото: "Астана" ФК

Футболдан Еуропа лигасының 1/16 финалындағы қарымта ойында "Астана" Лиссабонда "Спортингпен" тең түсті. Ойында елордалық ұжым 3:1 есебімен ұтылып тұрып, есепті теңестіре білді.

Португалдық клуб ойында жылдам гол соғып, есепте алға шықты. 3 минутта Бас Досттың баспен бағыттаған добын Ненад Эрич қайтарып үлгере алмады. Ал оған дейін Патрик Твумасидің шабуыл кезінде бағыттаған добы қақпа бағанынан қайтқан-ды.

36 минутта Джордже Деспотовичтің тепкен добы да қақпа бағанынан қайтты. Әйтсе де араға бір минут сала Станимир Стойлов шәкірттері есепті теңестіре білді. Бұрыштамадан асырылған допты Марин Томасов тура бағыттап, гол соқты.

Екінші таймда да командалар екі-екі голдан соқты. 52 минутта Деспотович "Астананы" алға шығарған. Алайда қапталдағы төреші оффсайдта қалғанын аңғарып, голды есепке алмады. Артынша шабуыл кезінде Бруну Фернандеш "Спортингтің" екінші голын соқты. Араға 10 минут сала дубль орындады.

80 минутта Патрик Твумаси есепті қысқартты. Алдына келген допты қақпаға дәл бағыттады. Ойын аяқталар сәтте Дмитрий Шомко тура соққысымен допты дәл бағыттап, таразы басын теңестірді. Алайда қос ойын қорытындысы бойынша лиссабондық клуб 1/8 финалға жолдама алды.

Естеріңізде болса Астанада өткен бірінші ойында "Спортинг" 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

"Спортинг" (Лиссабон, Португалия) — "Астана" (Астана, Қазақстан) 3:3 (1:1)

Гол соққандар: Дост 3 (1:0), Томасов 37 (1:1), Фернандеш 53 (2:1), Фернандеш 63 (3:1), Твумаси 80 (3:2), Шомко 90+4 (3:3)

Ескерту алған: Кляйнхайслер 59

"Спортинг": Патрисиу, Коэнтрау, Пинту, Рибейру (Акунья 46), Фернандеш, Ристовски, Батталья, Руис (Карвалью 60), Матье, Дост, Пальинья (Леау 74)

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Шитов, Маевский, Бейсебеков, Кляйнхайслер (Станоевич 60), Томасов, Твумаси (Муртазаев 87), Деспотович (Щеткин 66)

Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)

22 ақпан. Лиссабон. "Жозе Алваладе". 

Ө. Сансызбай