Месси алғаш рет "Челси" қақпасына гол соқты

Месси алғаш рет "Челси" қақпасына гол соқты
Фото: Reuters©

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалында кездескен "Челси" мен "Барселона" командалары бірінші ойында 1:1 есебімен тең тарқасты. Ойында каталондық клубтың көшбасшысы Лионель Месси спорттық мансабында алғаш рет "ақсүйектер" қақпасына гол соқты.

Спорт жанкүйерлері асыға күткен "Челси" мен "Барселона" арасындағы алғашқы кездесу Лондонда өтті. Ойындағы екі гол да екінші таймда соғылды. Бірінші таймда Виллианның тепкен добы екі рет қақпа бағанынан қайтты. Ал екінші таймдағы мүмкіндігін бразилиялық ойыншы мүлт жіберген жоқ. "Барселона" қақпасында доп тулатты.

75 минутта "Челси" қорғаушыларының қателігінен кейін каталондық клуб есепті теңестіріп кетті. Андреас Иньестаның тамаша пасын Месси сәтті пайдаланды. Аргентиналық сұрмерген осыған дейін лондондық командаға қарсы өткен 8 ойынында гол соқпаған.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 15 наурызда өтеді.

Мюнхенде өткен "Бавария" мен "Бешикташ" арасындағы бірінші ойында алаң иелері 5:0 есебімен жеңіске жетті. 16 минутта Домодей Вида қызыл қағаз алғаннан кейін түрік командасы 10 ойыншымен қалды. Нәтижесінде бірінші ойыннан кейін-ақ "Бавария" ширек финалға шығуға нықтап қадам жасады.

Ойында Томас Мюллер мен Роберт Левандовский қос-қос (дубль) голдан соқса, бір голды Кингсли Коман өз еншісіне жазды.

"Бешикташ" пен "Бавария" арасындағы қарымта кездесу 14 наурызда өтеді.

Ө. Сансызбай