Футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлдеге таласады

Футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлдеге таласады
Фото: vk.com

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Люблянада өтіп жатқан Еуропа чемпионатының финалына шыға алмады. Жартылай финалда отандастарымыз Испанияға жол берді. Негізгі уақытта 5:5 есебімен тең ойнап, ойын соңындағы пенальти сериясында испандықтардың асығы алшысынан түсті. 

Ойынның бірінші таймын испандар ширақ бастап, қазақстандық ойыншылар қорғаныста ойнауға тырысты. Қарымта шабуылға иек артып,өз мүмкіндіктерін пайдалануға тырысты. Алғашқы қауіпті соққыларды да қазақстандық футзалшылар жасады. Дегенмен Испания құрамасының қақпашысы Седано шеберлігімен көзге түсті.

Ойындағы алғашқы голды Қазақстан құрамасы соқты. Дуглас пен Тайнан сәтті пас алмасып, есеп ашты. Тайнан гол соқты. Испандар бірінші тайм соңына дейін таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шығып үлгерді. 16 минутта Шыңғыс Есенаманов бұрыштамадан асырылған допты сәтсіз қайтарып, Игита қорғаған қақпаға гол соғып алды. Араға 3 минут сала Тальро Испания құрамасын алға шығарды.

Екінші таймды Қазақстан құрамасы ерекше серпінмен бастады. 24 минутта қақпашы Игитаның дәл тепкен добы Испания құрамасы қақпасында тулады. Араға 1 минут сала Павел Таку отандастарымызды есепте алға шығарды. 29 минутта Хоселито есепті теңестіріп кетті. 34 минутта Нұрғожиннің қателігінен кейін испандар есепте алға шықты. Пола Игитаны қапы қалдырды.

Ойынның негізгі аяқталуына 1 минуттан асық уақыт қалғанда Дуглас Жуниор есепті теңестірді. Нәтижесінде командалар негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсті.

Қосымша уақыттың бірінші кезеңінде испандар бесінші голын соқты. Бұл жолы Мегилин белсенді. Қосымша уақыттың екінші кезеңінде Серік Жаманқұлов қайта есепті теңестірді. Ойын 5:5 есебімен аяқталды.

Ойын соңындағы пенальти сериясында Тайнанның тепкен добын Испания құрамасының қақпашысы Седано қайтара білді. Өзге ойыншылар өз мүмкіндіктерін ойдағыдай пайдаланды. Нәтижесінде 3:1 есебімен жеңіске жеткен Испания финалға шықты.

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдесі таласта Ресеймен кездеседі. Қос құрама бір топта болып, 1:1 есебімен тең ойнаған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегерлері. Белградта өткен сол доданың жартылай финалында дәл осы Испания құрамасына 5:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдеге таласта Сербияны ұтқан болатын. 

Ө. Сансызбай