"Астана" Дубайда Мәскеудің "Спартак" командасын ұтты

"Астана" Дубайда Мәскеудің "Спартак" командасын ұтты
Фото: vk.com

"Астана" футбол клубы Дубайда (БАӘ) оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Бүгін команда Мәскеудің "Спартак" командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Қаңтар айының басында командамен келісімшартын ұзартқан Станимир Стойлов "Астананы" Еуропа лигасының 1/16 финалындағы "Спортингке" қарсы ойын мен жаңа маусымға дайындауда. Футболшылардың физикалық дайындығы мен алаңда бір-бірін түсінісуі басты назарға алынған.

"Спартакқа" қарсы ойында "Астана" командасының ойыншылары шабуылда ширақтық, қорғаныста қырағылық танытты. Нәтижесінде алғашқы гол да көп күттірмеді. 19 минутта команданың жаңа ойыншысы Марко Станоевич "Астананы" алға шығарды. 33 минутта Марин Томасов Ресей чемпиондарының қақпасына екінші голды соқты.

Екінші таймда мәскеулік команда құрамын жаңартып, есепті қысқартуға ұмтыла түсті. Дегенмен 75 минутта Джордже Деспотовичтің соққан голы "Спартактың" салын суға кетіргендей болған. Керісінше осы бір голдан кейін "Астана" ойыншылары сылбырлық танытқандай болды. 89 минутта төреші елордалық команданың қақпасына пенальти белгіледі. Кевин Проместің тепкен добын Ненад Эрич қайтара алмады.

"Астананың" ойында төртінші голды соғуына да мүмкіндігі болған. Алайда Срджан Граховацтың тепкен добы қақпа бағанына тиді. 89 минутта Невес Роша "Спартактың" ойындағы екінші голын соқты. Бірер минуттан кейін төреші ысқырығы есітіліп, "Астана" 2018 жылғы алғашқы ойынында жеңіске жетті.

Елордалық команда келесі ойынын 26 қаңтар күні Ресей премьер-лигасында төртінші орында келе жатқан команда "Краснодарға" қарсы өткізеді.

Ө. Сансызбай