Ислам Бозбаев Тунистегі Гран-При турнирінде жеңіске жетті

Ислам Бозбаев Тунистегі Гран-При турнирінде жеңіске жетті
Фото: fdk.kz

Қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев Тунисте өтіп жатқан Гран-При турнирінде жеңімпаз атанды. Бұл Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтын жүлде.

Ислам Бозбаев алғашқы белдесуінде тунистік дзюдошы Жобран Анені, ширек финалда словак Петер Зилкадан айласын асырды. Жартылай финалда чех балуаны Дэвит Кламмерті жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші финалда отандасымыз венгриялық Тоц Кристианды таза жеңіспен ұтып, ел қоржынына екінші алтынды салды. Қазақстандық спортшы Гран-При турнирінде екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Ислам 2013 жылы Алматыда өткен жарыста жеңімпаз атанған болатын.

Сондай-ақ 100 кг-ға дейінгі салмақта татамиге шыққан тағы бір отандасымыз Виктор Демьяненко жұбаныш белдесуінде алжирлік Льес Буякубты иппонмен ұтып, Қазақстан қоржынына үшінші қола медальді сыйлады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Жансай Смағұлов (73 кг) алтыннан алқа тағынса, Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) пен Ерлан Серікжанов (66 кг) қолаға қол жеткізген болатын.

Ө. Сансызбай