Қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхерд әлем кубогының бесінші кезеңінде күміс алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхерд әлем кубогының бесінші кезеңінде күміс алды
Фото ©️ olympic.kz

Қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхерд АҚШ-тың Дер Вэлли қаласында өтіп жатқан могулдан әлем кубогының бесінші кезеңінде күміс жүлдегер атанды.

БӨЛІСУ

83,66 ұпай жинаған отандасымыз 88,80 ұпай жинаған канадалық спортшы Майкл Кингсбериге жол берді. Үшінші орынды аустралиялық Мэтт Грэхем иеленді (82.37).

Қазақстандық Павел Колмаков пен Дмитрий Бармашов жарысты 27-і мен 31-і орында аяқтады.

Дмитрий Рейхерд биылғы әлем кубогының кезеңінде төртінші медалін иеленді. Ол желтоқсанда Финляндия, Қытай және Канадада өткен кезеңдерінде күміс алған. Қазір ол әлем кубогының жалпы есебінде Майкл Кингсбериден кейін екінші орында тұр.

Дмитрий Рейхерд - 2011 жылғы Азия ойындарының, 2017 жылғы қысқы Универсиаданың чемпионы. Ол биыл Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.

Дир Валлиде қыздар арасында Юлия Галышева сәтті өнер көрсете алмады. Жарыстың бірінші күніндегі кезеңінде 15-ші, екінші кезеңінде 24-орыннан көрінді. Нәтижесінде барлығы 23 ұпай ғана жинап, жалпы рейтингте төмен сырғыды.

Фристайлдың могул жаттығуында спортшылар таудан ылдилай алдындағы бірнеше төмпешіктен өтіп, жол ортасындағы трамплиннен сальто жасайды. Төрешілер спортшының трамплиннен секіруін бағалайды және төрешілер ұпайына спортшының көрсеткен уақыты қосылып, ең үздік нәтиже көрсеткендері жеңіске жетеді.

Могулдан әлем кубогының V кезеңі, Дер Вэлли, АҚШ

1. Майкл Кингсбери (Канада) - 88.80

2. Дмитрий Рейхерд (Қазақстан) - 83.66

3. Мэтт Грэхем (Аустралия) - 82.37

... 27. Павел Колмаков (Қазақстан) - 72.98

33. Дмитрий Бармашов (Қазақстан) - 68.18