Илья Ильинге қатысты IWF шешімі шықты

Илья Ильинге қатысты IWF шешімі шықты
Фото: time.kz

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің допинг сынамасына қатысты ресми шешім шығарды. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

- IWF тәртіптік-бақылау комиссиясының шешімімен Илья Ильин 2 жылға спорттан шеттетілді. Спортшыға қатысты шешім 2016 жылдың 10 маусымынан бастап күшіне енген. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының қызметі нәтижесінде отандасымыз Олимпиададан өзге жарыстардағы жүлделері мен жетістіктерін сақтап қалды, - деп жазылған ресми хабарламада.

Илья Ильин 2018 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан құрамасы сапында жарыстарға қатыса алады. Отандасымыздың 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында бақ сынауына зор мүмкіндігі бар.

Илья Ильинге қатысты шешімге байланысты ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Мельников та өз ойын білдірді.

- Жаттықтырушылар қосыны Ильинмен әлі сөйлескен жоқ. Шешім жақында ғана шықты. 20 желтоқсан күні арнайы отырысы болып, алдағы маусымға жоспарларды талқылайтын боламыз. Сол кезде осы тақырыпты да қозғайтын боламыз.

Қазір ерлер құрамасы өте мықты. Әйелдер арасында Чиншанло оралады. Ол спортқа оралатынын анық айтты. Біз Ильинді де жарыстарға қатысады деп ойлап отырмыз. Ол осы уақытты асыға күтіп жүрді. Токиоға дайындалса керек. Одан Олимпиада жүлдесін алды. Енді дәлелдеу керек.

Бізді бір жылға жарыстардан шеттетті. Бұл уақыт аралығын қысқартуға мүмкіндігіміз де бар. Бізді ай сайынғы WADA тексеруі күтіп тұр. Өзіміз де тексеретін боламыз. Бәріне сақ болу керек, - деді Мельников.

Қазақстандық ауыр атлеттің алдағы мансабына байланысты ұлттық құраманың экс-жаттықтырушысы Алексей Ни де өз пікірін білдірді.

- Илья жақын күндері өз шешімін айтады деп ойлаймын. Қайта оралу үшін Токио Олимпиадасында жеңіске жету мақсаты болары сөзсіз. Оның спортқа оралу немесе оралмауы жайлы ештеңе айта алмаймын. Әйтсе де ол өзінің Олимпиада чемпионы екенін дәлелдеу үшін оралғаны абзал.

Көп адам оның спортқа қайта оралғанын қалайды. Токиода топ жару үшін оған уақыт жетеді. Ол – нағыз талант. Ол секілді спортшы болмаған, әлі де жоқ. Ол ауыр атлетика қайта оралады деп ойлаймын, - деді Ни.

Айта кетейік, Илья Ильиннің екі Олимпиада ойындарындағы чемпиондық атағы кері қайтарылғанмен, төрт бірдей әлем чемпионатында топ жарған алтын жүлдесін сақтап қалды.  

Ө. Сансызбай