Ресей құрамасы 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетілді

О Сансызбай Корреспондент
Ресей құрамасы 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетілді
Фото ©️ The Independent

Ресей құрамасы 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Халықаралық Олимпиада комитеті Лозаннада (Швейцария) өткен арнайы отырыста осындай шешім қабылдады.

БӨЛІСУ

ХОК Ресейді 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде "допинг сынамаларын ауыстырды", "ел үкіметі допинг жүйесін қолдаған" деп айыптады. Нәтижесінде елдің Олимпиада комитетіне 15 миллион доллар айыппұл салды. Ал Ресей бұл айыптауларды саяси астары бар деп санайды.

Ресей құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына қатыспағанмен, ресейлік спортшылардың төртжылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндіктері бар. Олар жарысқа OAR (Olympic Athlete from Russia) деген атаумен Олимпиада туы астында қатыса алады. Ақ Олимпиада кезінде оларға Ресей әнұраны мен туын қолдануға тыйым салынады.

Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары  9-28 ақпан аралығында өтеді. Қазақстандық спорт делегациясы бұл додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайды деп күтілуде.