Қанат Ислам келесі жекпе-жегіне Бейбіт Шүменовпен бірге дайындалуда

Қанат Ислам келесі жекпе-жегіне Бейбіт Шүменовпен бірге дайындалуда
Фото: facebook.com

Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам екі тұжырым бойынша әлем чемпионы болған Бейбіт Шүменовпен бірге Шымкент қаласында келесі жекпе-жегіне дайындалуда. Бұл жайында боксшының "facebook" желісіндегі парақшасында хабарланды.

- Екі тұжырым бойынша əлем чемпионы Бейбіт пен 25 жекпе-жегінің барлығында жеңген QAZAQ өзара тəжірибе алмасып, Royal Club Fitness & SPA залында күніне 3 сағат жаттығу жасауда. Жаттығу техникалық мүмкіндіктерді арттыруға арналған. Team QAZAQ желтоқсан айының ортасында Америкаға аттанады, - деп жазылған хабарламада.

Бейбіт Шүменов жарақатына байланысты осы жылы кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтаған еді. Ол кәсіпқой бокстағы мансабын 2007 жылы бастаған-ды. Одан бергі аралықта 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жетті. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберді.

Айта кетейік, осыған дейін Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBA) бірінші орта салмақта америкалық боксшы Джон Вераны қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Исламмен жекпе-жек өткізуге міндеттеген еді. Әзірге қос тараптың келісімі жайлы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Ө. Сансызбай