ҚБФ Головкин атындағы спорт кешеніне сый жасады

О Сансызбай Корреспондент
ҚБФ Головкин атындағы спорт кешеніне сый жасады
Фото ©️ kfb.kz

Қазақстан бокс федерациясы осы жазда Қарағанды облысында ашылған қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин атындағы спорт кешенінің жас спортшыларына сый жасады.

БӨЛІСУ

Федерация президенті Тимур Құлыбаевқа Қарағанды облысына барған сапары кезінде орталыққа спорттық құрал-жабдықтар қажет екені айтылған болатын. Бүгін ҚБФ өңірде спортты дамыту мен жас спортшыларға қолдау білдіру мақсатында арнайы сыйлықтарды табыстап, орталықтың жұмысына әрқашан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстан бокс федерациясының координаторы, бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Болат Әбдірахманов федерация атынан спорт орталығына олимпиадалық ринг, 280 жұп бокс қолғабы, спорттық киім мен аяқ киімдер, сондай-ақ доп, гантель, арқан, бокс бинтін, т.б. спортшы үшін қажетті керек-жарақтарды сыйлады.

- Біздің федерацияның президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев жас спортшыларды тәрбиелеуде табыстар тілейді. Біз осы орталықта Қарағанды бокс мектебі қайта түлеп, әлемге өздерін тағы бір қырынан танытатынына сенеміз. Геннадий Головкин атындағы осы орталықта Гена, Серік Сәпиев, Серік Елеуов сынды Олимпиада және әлем чемпиондары шыққанын тілейміз. Қазақстан бокс федерациясы қолдауға әрқашан дайын. Табыс тілейміз, - деді Болат Әбдірахманов.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров Қазақстан бокс федерациясына алғысын білдірді.

- Осында қаншама жасөспірімдердің спортпен шұғылданып жатқанына өте қуаныштымын. Бүгін сыйға кенелген жастар күні ертең-ақ біздің қаламыз бен облысымызды, елімізді танытады деп ойлаймын. Біздің арамызда чемпиондар бар. Барлықтарыңызға табыс тілеймін, жас спортшылар, - деді Нұрлан Әубәкіров.

Жасөспірім боксшыларға бокс қолғабы табысталып, алғаш болып олимпиадалық рингте жұдырықтасып көру бақыты бұйырды.

Айта кетейік, Геннадий Головкин атындағы спорт кешені маусым айында ашылып, боксшының өзі құрметті қонағы болған еді.

Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасымен бой көтерген Геннадий Головкин атындағы спорт кешені үш қабаттан тұрады. Ішінде 25 метрлік жүзу бассейні, ауыр атлетика залы, көрермендер отыратын орны бар әмбебап алаң және бокс залы бар. Балалар спорт кешенінде тегін жаттығады. Ғимараттың жалпы ауданы - 2384,3 шаршы метр.