Мәдина Нұршаева мен Валентина Хальзова Азия чемпионатының финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Мәдина Нұршаева мен Валентина Хальзова Азия чемпионатының финалына шықты
Фото ©️ Сергей Штрак

Вьетнамның Хошимин қаласында бокстан қыздар арасында Азия чемпионаты өтуде. Жарыс бүгін жартылай финалдық жекпе-жектермен жалғасып, финалға шыққан боксшылар анықталды.

БӨЛІСУ

Азия чемпионатының жартылай финалына алты қазақстандық боксшы қыз шықты. Олардың қатарынан Мәдина Нұршаева мен Валентина Хальзова финалға шықты.

51 кг-ға дейінгі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай жартылай финалда КХДР елінің боксшы қызы Пенг Чол Миге жол берді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер 3:2 есебімен Назымның қарсыласын жеңімпаз ретінде таныды. Нәтижесінде екі дүркін әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Азия чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтты.

- Мен үшін Азия чемпионаты аяқталды. Үйге 3-ші орынмен қайтамын. Не болса да мен үшін екінші Азия чемпионаты. Бұған дейін 2010 жылы елімізде өткен Азия чемпионатында 46 кг салмақта қатысқанмын. Ары қарай көп еңбек ету қажет. Бәрі өз уақытымен... Барлық жанкүйерлерімізге Рахмет! Басқа қыздарымызға сәттілік – деп жазды Назым Instagram парақшасында.

75 кг-ға дейінгі салмақта Дариға Шәкімова қытайлық әккі қарсыласы Ли Кианға есе жіберді. Дариға қытайлық боксшы қызды 2015 жылғы Азия чемпионатының финалында жеңген еді.

81 кг-ға дейінгі салмақта Мөлдір Базарбаева да қола жүлдені қанағат тұтты. Қытайлық қарсыласы Янг Ксияоли бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, шабуылда ширақтық танытты. Ал ауыр салмақта жарысты жартылай финалдан бастаған Ләззәт Күнгейбаева вьетнамдық боксшы қыз Ни Транға жеңілді.

Мәдина Нұршаева (64 кг) жартылай финалда тайландтық боксшы Лаопим Пимвилайды айқын жеңіп финалға шықты.

Сондай-ақ 69 кг-ға дейінгі салмақта Валентина Хальзова да ел абыройын асырды. Жартылай финалда үндістандық боксшы қыз Ловлино Боргоайнды жеңді. Қос боксшы ертең Азия чемпионатының алтын жүлдесі үшін жұдырықтасатын болады.

Айта кетейік, бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының деңгейі өсіп келеді. 2008 жылы Үндістандағы жарысқа 79 спортшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен біріншілікте 16 елден 84 боксшы, 2012 жылы Моңғолияда 17 елден 82 спортшы, ал 2015 жылы Қытайда Азия чемпионатына 16 елден 96 спортшы қатысқан. Хошиминдегі додаға 22 елден 118 спортшы келді.