"Барыс" шабуылшысы ҚХЛ-де үздік сұрмергендер көшін бастап келеді

"Барыс" шабуылшысы ҚХЛ-де үздік сұрмергендер көшін бастап келеді
Фото: КХЛ

"Барыс" хоккей клубының шабуылшысы Найджел Доус құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) үздік сұрмергендер тізімінде көш бастап келеді.

Елордалық команданың шабуылшысы 24 ойында 25 шайба соққан. Ал екінші орында келе жатқан СКА командасының хоккейшісі Илья Ковальчуктың еншісінде 20 шайба бар. Сондай-ақ питерлік команданың сұрмергені Найджелден 4 ойын артық өткізген.

Айта кетейік, кеше "Барыс" өз алаңында Финляндияның "Йокерит" командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Ойында Роман Савченко, Найджел Доус, Талғат Жайлауов пен Даррен Диц шайба соқты.

Қазіргі таңда "Барыс" 49 ұпаймен Шығыс Конференцияда 4-орында келеді. "Нефтехимик" пен "Авангардта" да 49 ұпайдан бар. Қосымша көрсеткіштер бойынша ғана елордалық командадан алда келеді. Ал СКА 76 ұпаймен айқын көш бастап тұр.

"Барыс" келесі ойынын да Астанада өткізеді. 1 қараша күні Братиславаның "Слован" командасымен кездеседі. Бұл команда Батыс конференцияда 25 ұпаймен 12-орында тұр. Ойын Астана уақытымен сағат 19:30-да басталады.

Ө. Сансызбай