Денис Теннің жаңа бағдарламасы Димаштың әнімен сүйемелденеді

Денис Теннің жаңа бағдарламасы Димаштың әнімен сүйемелденеді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен жаңа маусымға жаңа бағдарламаларының бірін дайындауда. Бұл бағдарламасы Димаш Құдайберген орындаған французша "SOS d'un terrien en détresse" композициясымен сүйемелденеді.

Тамыз айында жарақат алып қалған Денис Тен бірнеше ай емделген еді. Instagram желісінде жариялаған ақпараты бойынша, спортшы жаңа бағдарламасын Францияда жұртшылық назарына ұсынып үлгерген.

- Үлкен рақмет Денис!!! Қазақ спорты жасасын! Ең биік тұғырдан көріне бергейсің!!. Саған көп жеңістер тілеймін. Маған жеңіс сыйлаған ән сені де жеңімпаз етеді деп үміттенемін. Сен үздіксің, сенімен мақтанамыз! Іске сәт!" - деп жазды Димаш Құдайберген instagram парақшасында.

Денис Тен бұған жауап ретінде өз алғысын білдірді.

- Қымбатты Димаш, қуанышты хабарламаң үшін рақмет. Сенің композицияңмен өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Екі ай бұрын өз мансабымдағы ең ауыр жарақат алдым... Бірақ дәрігерлердің болжамымен осы аптада ғана Францияда көрерменге біздің коллаборациямызды ұсыну бақыты бұйырды. Олимпиада өтетін жыл болғандықтан атқарылатын жұмыс көп. Дайындық керек, ұзақ уақыт жаттығуға тура келеді. Өзге де көптеген жарыстар күтіп тұр. Бірақ осынау ғажап қолдаудың арқасында бәріне дайын екенімді білемін! Сенің бар болғаныңа рақмет! Сенің талантың - бүкіл Қазақстанның мақтанышы мен жетістігі. Сенің жанкүйерің Денис, - деп жазды.

Айта кетейік, Денис Тен тамыз айында Кореядағы "Ice Festa" шоуы қарсаңында жарақат алып қалған болатын.

Ө. Сансызбай