Головкин мен Альварес жекпе-жегінде жеңімпаз анықталмады

Головкин мен Альварес жекпе-жегінде жеңімпаз анықталмады
Фото: vk.com

Лас-Вегастағы кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес тең түсті.

Бірінші раундты қос боксшы аңдысумен өткізді. Гена шабуылда жүріп жұдырықтасса, "Канелоның" жылдамдығы байқалды. Мексикалық қаша жүріп жұдырықтасуды жөн көрсе, отандасымыз алға ұмтыла түсті.

Сауль Альварес кейінгі раундтарда қаша жүріп, қорғана жүріп жұдырықтасумен жекпе-жекті жалғастыра түсті. Шаршы алаң бұрышында қорғана тұрып, жылдамдығына сенім артумен болды. GGG болса қарсыласынан қаймықпай, сәт сайын шабуылдаумен болды. Бесінші раундтағы Генаның дөп тиген бір соққысы мексикалықтың басын бір шайқатты.

Жетінші раундта Геннадий қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуа шабуылын үдете түсті. Соққылары дөп тиіп, қарсыласын қыспаққа тақай білді. Сегізінші раундта Сауль сес көрсетпек болып, шабуылға шықты. Бірнеше соққыларын дәл тигізгенмен, Гена да өз кезегінде есе жібере қойған жоқ. Ал тоғызыншы раундта Канелоның бір соққысы тура тиді.

Оныншы раунд басталысымен Альварес адуын қосып, алға ұмтылды. Артынша Гена қарсыласының аптығын басты. Мексикалық қайта қорғана жүріп жұдырықтасуына көшті.

Сауль соңғы раундта шапшаң қимылдап, шабуылын бірден үдетті. Бірнеше соққыларын дәл тигізіп, қорғануына көшті. GGG осы бір сәтте ширақ қимылдағанда, төрешілер шешіміне әсерін тигізер ме еді?

Жекпе-жек 12 раундқа жалғасып, төрешілер шешімі бойынша боксшылар арасында жеңімпаз анықталмады. GGG өзінің чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Сондай-ақ спорттық мансабында алғаш рет қарсыласымен тең түсті.

Ө. Сансызбай