Олимпиада 2024 жылы – Парижде, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтеді

Олимпиада 2024 жылы – Парижде, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтеді
Фото: kp.ru

2024 және 2028 жылдары жазғы Олимпиада ойындары өтетін қалалар белгілі болды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті Перу астанасы Лимада өткен 131-ші ресми отырысында жариялады.

Алдағы екі Олимпиада ойындары қай қалаларда өтетіні осыған дейін хабарланған. Тек қайсысы бірінші болып өткізетіні ғана айтылмаған-ды. Күні кеше белгілі болғандай, төрткүл дүние көз тігетін дода 2024 жылы – Парижде, араға 4 жыл сала Лос-Анджелесте өтетін болды. ХОК комиссиясы қала басшыларымен үшжақты келісімшартқа қол қойып, дайындық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Олимпиада ойындары Парижге араға 100 жыл салып оралды. Қалада спорт нысандары жеткілікті деңгейде. Қонақүйлер мен қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылған.

Париж бен Лос-Анджелесте осыған дейін жазғы Олимпиада ойындары бір емес, бірнеше рет өткен. Нақтырақ айтсақ, Франция астанасы 1900 және 1924 жылдары доданы ұйымдастырса, Лос-Анджелесте 1932 және 1984 жылдардағы Олимпиада ойындары өткен.

ХОК бір отырысында екі бірдей Олимпиада ойындары өтетін қаланы алғаш рет анықтап отыр.

Айта кетейік, 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Жапония елінің астанасы Токиода өтеді.

Ө. Сансызбай