ӘЧ-2017. Абылайхан Жүсіпов Лондон Олимпиадасының жүлдегерін жеңе алмады

ӘЧ-2017. Абылайхан Жүсіпов Лондон Олимпиадасының жүлдегерін жеңе алмады
Фото: vesti.kz

Бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына 69 келіге дейінгі салмақта жүлде бұйырмады. Абылайхан Жүсіпов ширек финалда италиялық боксшыдан жеңіліп қалды.

Үшінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатты. Абылайхан жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Ал оған дейін көп ұпайға ие болып тұрған Винченцо Маджакпере жеңіске жетті. Нәтижесінде италиялық боксшы кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр.

28 жастағы италиялық боксшы Лондон Олимпиадасында Данияр Елеусіновті жеңіп, жартылай финалда кубалық боксшыдан жеңіліп, қола жүлдегер атанған. Бакуде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Анкарада өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері (2011) және Бакуде өткен Еуропа ойындарының күміс жүлдегері (2015) атағына ие. 

Айта кетейік, осыған дейін Әділет Құрметов, Азамат Исақұлов пен Бекдәулет Ибрагимов жарыс жолынан шығып қалған еді.

Ө. Сансызбай