"Астана" бірінші ойында "Селтиктен" ойсырай ұтылды

"Астана" бірінші ойында "Селтиктен" ойсырай ұтылды
Фото: vesti.kz

Футболдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойында "Астана" Глазгода "Селтиктен" ойсырай ұтылды. Алаң иелері Станимир Стойлов жаттықтыратын елордалық ұжымды 5:0 есебімен ұтты.

Астана ойыншылары ойын басын ширақ бастағанмен, соңын сәтті аяқтай алмады. 32 минутта Евгений Постников өз қақпасына гол соққаннан кейін, "Селтик" сес көрсете бастады. Араға 10 минут сала Ласло Кляинхайслердің қателігін оңтайлы пайдаланған Скотт Синклер есепті еселеді.

60 минутта Скотт Синклер кезекті рет мергендігімен көзге түсіп, Александр Мокинді қапы қалдырды. 79 минутта Джеймс Форрест те гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді қуанта түсті. Ал ойын аяқталар тұста Игорь Шитов допты сәтсіз қайтарып, "Селтиктің" бесінші голды соғуына септігін тигізді.

"Селтик" "Астананы" Чемпиондар лигасында осындай ірі есеп айырмасымен алғаш рет ұтылды. Осыған дейін ірі есеп айырмасымен елордалық ұжым мадридтік "Атлетикодан" (4:0) ұтылған.  

Қос команда арасындағы қарымта ойын 22 тамыз күні Астанада өтеді.

«Селтик» (Селтик, Шотландия) — «Астана» (Астана, Қазақстан) 5:0 (2:0)

Голдар: Постников автогол 32 (1:0), Синклер 42 (2:0), Синклер 60 (3:0), Форрест 79 (4:0), Шитов автогол 88 (5:0)

Ескертулер: Браун 42, Тирни 49 — Постников 6, Логвиненко 63, Шитов 69

«Селтик»: Гордон, Шимунович, Биттон, Браун, Гриффитс, Синклер, Рогич (Макгрегор 63), Нчам, Лустиг, Форрест (Армстронг 82), Тирни

«Астана»: Мокин, Шитов, Кляйнхайслер, Мужиков (Граховац 82), Томасов (Муртазаев 77), Маевский, Твумаси, Логвиненко (Бейсебеков 66), Кабананга, Постников, Шомко

Бас төреші: Овидиу Хацеган (Румыния)

16 тамыз. Глазго. «Селтик Парк». 

Ө. Сансызбай