"Астана" "Вердер" клубының жартылай қорғаушысымен толықты

"Астана" "Вердер" клубының жартылай қорғаушысымен толықты
Фото: Астана ФК

"Астана" футбол клубы бүгін Венгрия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслермен келісімшартқа қол қойды. Футболшы алдағы 1 жыл ішінде елордалық команда сапында ойнайтын болады.

Станимир Стойлов жаттықтыратын команда Ласло Кляйнхайслерді жалға алып отыр. 23 жастағы ойыншы осыған дейін Венгрияның "Пушкаш Академиясы", "Видеотон" және "Ференцварош" командаларында ойнаған. Кейіннен Германияның "Вердер" және "Дармштадт" 98 клубтарына ауысқан.

Ласло Кляйнхайслер Венгрия ұлттық құрамасы сапында 13 ойын өткізген. Сондай-ақ өткен жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына қатысқан.

Айта кетейік, "Астана" биыл Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Латвияның "Спартак Юрмала" командасымен кездеседі.

Ө. Сансызбай