Әйгерім Ауылбек әлем чемпионатында жүлделі орыннан көріне алмады

Әйгерім Ауылбек әлем чемпионатында жүлделі орыннан көріне алмады
Фото: iwf.net

Қазақстандық ауыр атлет Әйгерім Ауылбек Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлделі орыннан көріне алмады. Отандасымыз қос бағдарлама қорытындысы бойынша 13-орын алды.

53 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Әйгерім Ауылбек жұлқа көтеруде 74 келіні, серпе көтеруде 88 келіні бағындырды.

Қазақстандық ауыр атлет жарыс жолына шыққан салмақта қытайлық спортшы Жу Киаолинг (88+109) топ жарды. Күміс медаль украиналық Мария Ханхурға (84+104), қола медаль Людмила Панковаға (81+105) бұйырды.

Айта кетейік, Токиодағы додаға Қазақстан атынан екі ауыр атлет аттанған болатын. Ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Михаил Макеев 19 маусым күні жарыс жолына шығады. 

Ө. Сансызбай