Қанат Ислам IBF рейтингінде үздік үш боксшының қатарына қосылды

Қанат Ислам IBF рейтингінде үздік үш боксшының қатарына қосылды
Фото: facebook.com (Kanat Islam)

Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам Халықаралық бокс қауымдастығының (IBF) жаңарған рейтингінде үздік үш боксшының қатарына қосылды.

Отандасымыз осыған дейін "IBF Intercontinental" рейтингінде бірінші орынға шыққан болатын. Мамыр айының соңындағы жекпе-жек қорытындысы бойынша ұйымның ресми рейтингінде ең үздік үштік құрамға қосылды. Өткен айда 6-орында еді.

Қанат Ислам бақ сынайтын бірінші орта салмақта IBF чемпиондық атағы америкалық Джарретт Хёрд еншісінде. Ал үздік рейтинг көшін франциялық боксшы Седрик Виту бастап тұр. Екінші орында боксшы жоқ екенін ескерер болсақ, Қанат Седриктен кейінгі екінші боксшы деп айтуға негіз бар.

Айта кетейік, Қанат Ислам 27 мамыр күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Бока Ратон қаласында мексикалық боксшы Норберто Гонсалесті жеңіп, "WBO NABO" және "WBA Inter-Continental" чемпиондық атақтарына ие болған еді. 

Орта салмақта бақ сынайтын Жанқош Тұраров болса, 12-орыннан 14-орынға төмен сырғыған. Ол да мамыр айында жекпе-жек өткізіп, мексикалық Густаво Гарибайды үшінші раундта нокаутпен жеңген еді.

Ө. Сансызбай