"Арландар" бірінші кездесуде ұлыбританиялық команданы айқын жеңді

О Сансызбай Корреспондент
"Арландар" бірінші кездесуде ұлыбританиялық команданы айқын жеңді
Фото ©️ vk.com (Astana Arlans)

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жартылай финалындағы алғашқы кездесуде "Astana Arlans" Қостанайда Ұлыбританияның "British Lionhearts" командасын 4-1 есебімен жеңді.

БӨЛІСУ

Қазақстандық клуб жетінші маусым қатарынан WSB жобасының жартылай финалында бақ сынауда. Сондай-ақ осы жарыстағы ең көп жүлделі орыннан көрінген командалардың бірі. Нұрлан Ақүрпеков жаттықтыратын команда биыл да жүлделі орыннан көріну үшін барын салуда.

Жартылай финалдағы бокс кешін 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар бастады. Теміртас Жүсіпов Кларан МакДональдпен жұдырықтасты. Қарсыласы осал болған жоқ. Қорғаныста көп жүрмей, жиі шабуылға шығумен болды. Тәжірибелі Теміртас қарсыласының әдіс-айласын ерте ұғынып, жеңіске бастар жолды таба білді.

56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов қарсыласы Кристофер Буркты уақытынан бұрын ұтып шықты. Төртінші раундтан кейін "British Lionhearts" командасының жаттықтырушылары жекпе-жекті ерте аяқтауға нұсқау берулеріне тура келді. Мұрны сынған ағылшын боксшысының халі мүшкіл болатын...

Үшінші болып шаршы алаңға шыққан Ділмұрат Мижитов Конор Лофтустан айласын асырып, "Арландарға" уақытынан бұрын жеңіс сыйлады. Ал 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл Никита Абабийді айқын ұтып, қазақ жанкүйерлерінің мерейін асырды.

Соңғы болып жекпе-жекке шыққан 91 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар сынында Антон Пинчук Давид Киран Никқа ұтылып қалды. Нәтижесінде "British Leonhearts" командасы маңызды бір ұпай еншіледі.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 8 маусым күні Лондонда өтеді. Ұлыбританиядағы бокс кешінде «С2» санатындағы боксшылар шаршы алаңға көтерілетін болады.