WBC Конвенциясы Астанада өтпейтін болды

WBC Конвенциясы Астанада өтпейтін болды
Фото: YouTube

Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) 55-ші мерейтойлық Конвенциясы Астана қаласында өтпейтін болды. Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өтеді деп хабарланды, - деп жазады Vesti.kz тілшісі.

WBC Конвенциясы осыған дейін Астанада өтетіні белгілі болған еді. Бірақ бүгінгі ресми хабарлама бойынша Баку таңдалыпты. Іс-шара 1-6 қазан аралығына жоспарланған.

WBC конвенциясы - өз салмақтарындағы ең үздік және әйгілі боксшыларды, төрткіл дүниеге танымал қайраткерлерді, менеджерлерді және промоутерлерді, тәжірибелі төрешілер мен супервайзерлерді, сондай-ақ медицина саласы мен еріктілер (волонтерлер) ұйымы спикерлерін жинайтын маңызды шара. Астанаға Шугар Рэй Леонард, Марвин Хаглер, Майк Тайсон, Леннокс Льис, Эвандер Холифилд, Виталий мен Владимир Кличко, Костя Цзю, Мэнни Пакьяо, Василий Ломаченко, Александр Поветкин, Амир Хан, Хуан Мануэль Маркес, Рой Джонс, Роберто Дюран, Хулио Цезарь Чавес, Лейла Али және Джо Кальзаге келу керек болатын.

Сонымен қатар, Астанадағы конвенцияға Геннадий Головкин де келеді деген болжам айтылған. Алайда Сауль "Канело" Альвареспен жекпе-жек белгіленіп, боксшы алдағы маңызды жекпе-жегіне дайындалу керек болды.

Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин Астанаға бокстан әлемнің 12 дүркін чемпионы кіші Флойд Мейвезер де келетінін айтқан.

Ө. Сансызбай