62 ойын қатарынан гол соққан "Реал" рекорд жаңартты

62 ойын қатарынан гол соққан "Реал" рекорд жаңартты
Фото: realmadrid.com

Мадридтің "Реал" футбол клубы 62 ойын қатарынан гол соғып Еуропадағы басты бес біріншіліктің (Испания, Англия, Италия, Германия, Франция) рекордын жаңартты. Осыған дейін бұл рекорд Мюнхеннің "Бавария" командасына тиесілі болып келген еді.

Түнде өткен ойында "корольдік клуб" өз алаңында "Севильяны" 4:1 есебімен ұтты. Нәтижесінде барлық турнирлерде 62 ойын қатарынан гол соққан алғашқы команда атанып отыр.

"Реал" соңғы рет өткен жылдың 26 сәуірінде "Манчестер Ситимен" 0:0 есебімен тең ойнаған. Одан бергі аралықтағы барлық ойындарында қарсыластар қақпасына кем дегенде бір гол соғып келеді.

Түнде өткен ойындарда "Барселона" да 3 ұпайға ие болды. Каталондық клуб сырт алаңда "Лас-Пальмасты" 4:1 есебімен ұтты. Қазіргі таңда "Барселона" мен "Реал" 87 ұпаймен үзеңгі қағыстырып тұр. Дегенмен мадридтік ұжымның әлі өткізетін бір кем кездесуі бар.

Ө. Сансызбай