Арландар "WSB" жобасының плей-офф кезеңіне шықты

Арландар "WSB" жобасының плей-офф кезеңіне шықты
Фото: vk.com (Astana Arlans тобы)

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынайтын "Astana Arlans" Таразда Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасын 4:1 есебімен ұтып, уақытынан бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қазақстандық клубтың топта өткізетін әлі екі кездесуі бар.

"Тараз Арена" спорт кешенінде өткен бокс кешінде қазақ жігіттері қарсыластарына айқын басымдығын танытты. Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген команда капитаны Олжас Сәттібаев Вячеслав Ташкараевты уақытынан бұрын жеңіп шықты. Ресейлік боксшы үшінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастыра алған жоқ.

60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин Артур Субханкуловпен жұдырықтасты. Қарсыласын 3:0 (49:46, 49:46, 49:45) есебімен ұтты.

69 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов Шахабас Махмудовты айқын басымдықпен ұтты. Нәтижесінде "Astana Arlans" командасына жылдам жеңіс сыйлады.

81 келіге дейінгі салмақтағы Арман Рысбек пен Павл Силягин арасындағы жекпе-жек тартысқа толы болды. Қазақ боксшысы намысты қолдан бермей, тәжірибелі қарсыласынан сескенген жоқ. Ширақ қимылдап, жойқын соққыларымен ерекшеленді. Ресейлік команданың боксшысы да қарап қалған жоқ. Сәті келгенде соққыларын дарыта білді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша 2:1 (48:47, 47:48, 48:47) есебімен Арман жеңіп шықты.

Ауыр салмақта жұдырықтасқан Олжас Букаев қана Магомед Омаровқа жол беріп алды. Қорытындысында отандастарымыз 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ө. Сансызбай