Денис Тен қысқа бағдарламада бірінші орын алды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Денис Тен қысқа бағдарламада бірінші орын алды (видео)
Фото ©️ скриншот

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Алматыдағы Универсиада ойындарының бірінші күніндегі қысқа бағдарламада бірінші орын алды. Отандасымыз өз жаттығуын шеберлік шыңына жеткізе орындап шықты.

БӨЛІСУ

"Ромео және Джульетта" әуенінің аясында өнер көрсеткен отандасымыз қысқа бағдарламадан кейін 94,91 ұпай жинап, көш бастап тұр.

- Бірінші кезекте керемет қолдау білдірген жанкүйерлеріме алғысымды айтамын. Мен үшін өз отандастарымның алдында, өз отанымда өнер көрсету үлкен құрмет. Универсиада ойындарына ұзақ дайындалдым. Универсиадаға бұған дейін еш жерде көрсетпеген "Ромео және Джульетта" әуенінің аясында жаңа бағдарлама қойдым. Бұл қойылымның өзіндік заманауи ерекшеліктері бар. Сондықтан да "Алматы Аренада" мен әрбір жанкүйерге бұл қойылымның мағынасын ашып бергім келді. Мен бұл сайысқа тек техникалық және әртістік жағынан дайындалған жоқпын. Арнайы  киім де дайдадым. Бірінші күннің нәтижесіне көңілім толады", - дейді Тен "Хабар "арнасына берген сұхбатында. 

- Ал сіз өз Джульеттаңызды таптыңыз ба?

- Барлық Джульетталар ертең мені тағы да жақсы қолдау үшін бұл әзірше құпия болып қала берсін. 

- Ертең жанкүйерді қалай таң қалдырасыз? Жалпы еркін бағдарламада не дайындап отырсыз?

-  Мен ертеңге жақсы бір бағдарлама дайындап отырмын. Жанкүйерлерге керемет шоу көрсетуге уәде беремін, - деді.

Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сынға Денистен өзге еліміздің атынан Абзал Рақымғалиев пен Артур Паникхин қатысты.

Абзал 68.25 ұпай жинап, іріктеу кезеңінен өтті. Ал Артур 54.11 ұпаймен еркін бағдарламаны орындау сынына жолдама ала алмады.

Еркін бағдарлама кезеңіне өткен 24 спортшы

Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан жарыс жеңімпазы қос бағдарлама қорытындысы бойынша анықталады. Еркін бағдарлама ойындары ертең өтеді.