Тевес әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанды

Тевес әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанды
Фото: NexoGol

Аргентиналық шабуылшы Карлос Тевес Қытайдың «Шанхай Шэньхуа» командасына ауысты. Нәтижесінде әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанды.

Футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт шарттары толық нақтыланбаған. Дегенмен алдын ала белгілі болған бейресми деректер бойынша футболшы бір маусымда 40 миллион еуро көлемінде жалақы алатын болады. Қазіргі таңда ойыншы команданың медициналық тексеруінен өтуде.

Карлос Тевес осыған дейін өз еліндегі «Бока Хуниорс» командасы сапында ойнап келді. Ал оған дейін Еуропаның алпауыт ұжымдарында ойнаған тәжірибелі ойыншы. Англияның «Вест Хэм Юнайтед», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» командаларында, Италияның «Ювентус» клубында доп тепті. Үш дүркін Англия, екі дүркін Италия чемпионы атанды. Чемпиондар лигасы, клубтар арасындағы әлем чемпионаты, Англия кубогы, Англия лигасының кубогы мен Италия кубогын жеңіп алған футболшы.

Айта кетейік, «аспан асты елі» соңғы жылдары футболға көп назар аударуда. Қомақты қаржы ұсынып, танымал футболшыларды шақыртуда.  Жақында ғана лондондық «Челсиде» ойнайтын бразилиялық футболшы Оскар да Қытайдың «Шанхай СИПГ» командасына ауысқан болатын.

Ө. Сансызбай