Колумбияда бразилиялық команда мінген ұшақ апатқа ұшырады

Колумбияда бразилиялық команда мінген ұшақ апатқа ұшырады
Фото: russian.rt.com

Колумбияда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында Бразилияның «Шапокоэнсе» футбол клубының толық құрамы да болған.

Боливиядан ұшқан борт командирі Медельин әуежайының диспетчерлеріне жанармайдың жетпейтіндігін хабарлаған. Нәтижесінде жақын маңдағы әуежайға қонуға тиіс болған. Алайда айтылған орынға ұшақтың жанармайы жетпеген көрінеді.  

Жергілікті телеарналардың мәліметі бойынша ұшақ бортында 72 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі болған.

«360 Radio Colombia» радиостанциясының хабарлауы бойынша, ұшақ апатынан аман қалғандар бар. Олардың арасында «Шапокоэнсе» футбол клубының қақпашысы Маркос Данило мен қорғаушы Алан Рушелдің аман екені хабарланып отыр. Сондай-ақ тағы екі ойыншының тірі екені белгілі болды. Олардың есімі әлі аталған жоқ.

Бразилиялық ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша «Шапокоэнсе» футбол клубы өзге ұшақпен баруы тиіс болған. Алайда Колумбияның азаматтық әуе авиациясы оған рұқсат бермеген. Нәтижесінде команда жолаушылар ұшағымен аттанған екен. Олар Медельинге Оңтүстік Америка кубогының алғашқы финалдық ойынына қатысу үшін ұшып бара жатқан.

Ұшақ Ла-Уньон ауданындағы таулы аймаққа құлаған. Ал онда құтқару жұмыстарына ауа райы кедергісін тигізуде.

Ө. Сансызбай