«Астана» футбол клубы қайырымдылық шарасын өткізді

BAUKENTI ZHAQSYMBET Корреспондент
«Астана» футбол клубы қайырымдылық шарасын өткізді
Фото ©️ fkastana.kz

Күні кеше ел кубогын қанжығасына байлаған «Астана» футбол клубы тағы бір тамаша жаңалығымен жұртшылықты қуантты. Аталған команданың ойыншылары мен бапкерлер құрамы елордамыздағы аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан мектеп оқушыларымен кездесті.

БӨЛІСУ

– "Бүгін біз үшін ерекше күн,– дейді «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов. – Қаламыздың 13-ші және 57-ші мектептерінде оқитын жас достармен кездесуді бұрыннан ойлап келеміз. Бұл балалар футбол ойнауды қаншалықты жақсы көретінін, өздері команда құрып, әртүрлі турнирлер мен жарыстарға қатысып жүргенін білеміз. Барша отандастарымыз үшін үлкен мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында сіздермен кездесу ұйымдастыруды ұйғардық. Бәрімізге белгілі, 1 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш жалпыxалықтық президенттік сайлаулар күні. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның тағдыры талқы үстінде тұрған кезде, алғаш рет президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланған еді. Еліміздің содан бергі даму тариxы Елбасы есімімен тікелей байланысты. Ал «Астана» футбол клубы Президент кәсіби футбол клубының құрамына енеді. Яғни, біз – үлкен спорттық жанұя мүшелеріміз. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауларында мемлекеттік ұйымдар әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін, ал орта буын мен еліміздің қалталы азаматтары аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қамқорлық жасауы қажет екенін үнемі айтып келеді. Өйткені, отбасы - мемлекет тірегі. Біздің ел әрқашан xалықтың қорғаусыз қатпарларына қамқорлық жасап, әлеуметтік көмек көрсетіп келеді, бірақ, өкінішке қарай, бұл әрқашан да жеткілікті бола бермейді. Біз мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек көрсету арқылы мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы жұмыстарына атсалысуға бел будық",– деді. 

Қайырымдылық іс-шарасының соңында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту фондының қолдауымен «Астана» клубының жас жанкүйерлеріне Еуропа Лигасы аясында өтетін Кипр чемпиондары «АПОЭЛ» клубына қарсы кездесуге билеттер сыйға тартылып, «Астана» командасы ұжымынан қысқы маусымға арналған киімдерді сыйлыққа алып, өздерінің сүйікті ойыншыларымен естелік суретке түсті.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қараша күні Еуропа лигасының ойындары барысында "Астана" футбол клубы кипрлік "АПОЭЛ" командасымен кездесу өткізеді. Аталған ойын Астана арена стадионында 22:00-де басталады.