Қазақстан құрамасы Копенгагеннен құралақан қайтты

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан құрамасы Копенгагеннен құралақан қайтты
Фото ©️ vesti.kz

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің топтық кезеңіндегі төртінші ойында Қазақстан ұлттық құрамасы Дания құрамасымен кездесті. Копенгагенде өткен ойында алаң иелері қазақ футболшыларын 4:1 есебімен айқын ұтты.

БӨЛІСУ

Ойынды алаң иелері ширақ бастады. Бес қорғаушымен шыққан Қазақстан құрамасы дат ойыншыларына мүмкіндік бермеуге тырысты. Дегенмен алаң иелері ойыншылары әуедегі допқа таласта бір бәс жоғары болды. 15 минутта Андреас Корнелиус әуелей келген допқа бірінші жетіп, баспен соққы бағыттады. Бұл сәтте Сергей Малый сылбыр қимылдап, дат ойыншысының гол соғуына мүмкіндік берді. Допты Стас Покатилов қайтара алмады. Нәтижесінде алаң иелері алға шықты.

Араға 2 минут сала Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп, қазақ жанкүйерлерін бір серпілтті. Ұлттық құрамаға шақырту алған Ғафуржан Сүйімбаевтың жойқын күшпен тепкен добы Дания құрамасының қақпасында тулады. Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіргеннен кейін, доп ұстау мен қысым жасауда басымдыққа ие бола бастады. Десе де дат ойыншылары 35 минутта кезекті рет алға озды. Елдос Ахметов айып алаңында ереже бұзып, Израильден келген төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысын Кристиан Эриксен сәтті орындап, командасын алға шығарды.

Екінші таймда Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы команда ойыншыларын алмастырып, өзге футболшылардың белсенуіне мүмкіндік жасады. Алаңға шыққан Жасұлан Молдақараев, Роман Мұртазаев пен Еркебұлан Тұңғышбаев ерекше ойын үлгілерімен көзге түсіп үлгермеді.

78 минутта Дания құрамасы есепті еселеді. Петер Аркенсон гол авторы атанып, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Ал ойын соңындағы қосымша уақытта Кристиан Эриксен Қазақстан құрамасының үш бірдей қорғаушысын алдап өтіп, дубль жасады. Қорытындысында 4:1 есебімен ұтқан Дания құрамасы топтағы екінші жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы Польша мен Румынияға қарсы ойында алған 2 ұпайымен көш соңына сырғыды. Өз алаңында Черногория құрамасын жеңген Армения құрамасы алға озды. Польша түзде Румыния құрамасын 3:0 есебімен сан соқтырып, 10 ұпаймен көш басына шықты.