Денис Уланов Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алады

Денис Уланов Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алады. Бұл туралы Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығының (IWF) Олимпиада ойындарына арналған журналының арнайы санында жарияланды.

85 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанған румындық Габриэль Синкраянның допинг қолданғаны үшін нәтижелері жойылғаны көрсетіліп, халықаралық жарыстардан шеттетілгені жазылған. Нәтижесінде отандасымыз үшінші орын иегері ретінде көрсетілген.

Габриэль Синкраянның допинг пайдаланғаны тамыз айының соңында-ақ белгілі болған еді. Дегенмен бұл дауға қатысты IWF ресми мәлімдемесін жасамаған еді.

Айта кетейік, Денис Уланов бақ сынаған 85 келіге дейінгі салмақта ирандық Киануш Рустами Олимпиада чемпионы атанған-ды. Ол қоссайыста 396 келімен (179+217) әлем рекордын жаңартқан болатын. Күміс қытайлық ауыр атлет Тянь Таоға (178+217) бұйырған еді.

Денис Уланов Рио Олимпиадасының қола жүлдесін ресми түрде алар болса, бұл Қазақстан құрамасының Бразилиядағы додада алған 18-жүлдесі болады. Отандастарымыз тамыз айында өткен төртжылдықтың басты додасында 3 алтын 5 күміс 9 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 22-орын алған болатын.

Ө. Сансызбай