Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесін алады

О Сансызбай Корреспондент
Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесін алады
Фото ©️ mfa.kz

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесін алады. Бұл туралы «Inside The Games» басылымына сілтеме жасап, vesti.kz сайты хабарлады.

БӨЛІСУ

Үш қарғып секіруден 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медаль алған грек спортшысы Хрисопия Деветци допинг қолданған. Оның жарыс алдындағы сынамасын қайта тексергенде станозолол пайдаланғаны мәлім болды.

2009 жылы спортшыны қайта допинг тексеруге шақырғанда барудан бас тартып, екі жыл спорттан шеттетілген-ді. Нәтижесінде спортшы мансабын аяқтаған еді.

Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының (IAFF) жаңа ережесіне сәйкес 40 жастағы Хрисопия Деветци 2019 жылға дейін жарыстарға қатыстырылмайды. Оның 2007 жылдың 31 тамызы мен 2009 жылдың 30 тамызына дейінгі аралықта қол жеткізген жетістіктері есепке алынбайтын болады.

Хрисопия Деветци жеңіп алған қола медаль Бейжіңдегі аламанда төртінші орын алған Ольга Рыпаковаға беріледі. Бұл оның Олимпиада ойындарындағы үшінші жүлдесі болады. Отандасымыз 2012 жылы Лондонда алтын медаль алса, Риода қола жүлдегер атанған болатын.

Жеңіл атлеттердің допинг сынамаларын қайта қарау IAFF жаңа ережесі бойынша жүзеге асуда. Алдағы уақытта спортшылардың жарыс алдындағы сынамалары 10 жылға дейін сақталады.

Айта кетейік, осыған дейін халықаралық допингке қарсы агенттік (WADA) 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың қан сынамаларын қайта қарауды қолға алған еді. Нәтижесінде 1243 спортшының ішінде 98-і допинг қолданғаны анықталған-ды. Оның 60-сы Бейжің Олимпиадасына қатысқан спортшылар болып шыққан.

Қан сынамаларын қайта қарау қорытындысы бойынша қазақстандық ауыр атлеттер де допинг қолданғаны хабарланған болатын. Әзірге спортшылардың алған жүлделерін кері қайтару туралы ресми хабарлама жарияланған жоқ.