Роналду Чемпиондар лигасындағы 95-голын соқты (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Роналду Чемпиондар лигасындағы 95-голын соқты (видео)
Фото ©️ sports.ru

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойындар басталды. Дортмундта мергендігімен көзге түскен Криштиану Роналду дода тарихындағы 95-голын еншісіне жазды. Осы және өзге де ойындардың нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Е» тобы

«Монако» (Франция) - «Байер» (Германия) 1:1

Ойындағы екі гол да екінші таймда соғылды. 73 минутта Чичарито леверкузендік команданы алға шығарғанмен, ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Камиль Глик таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижесінде топта «Монако» 4 ұпаймен көш бастады. «Байер» 2 ұпаймен үшінші орында тұр.

«ЦСКА» (Ресей) - «Тоттенхэм» (Англия) 0:1

Мәскеудің «ЦСКА» клубы топтық кезеңдегі екінші ойынын ағылшындық «Тоттенхэмге» қарсы өткізіп, 0:1 есебімен ұтылды. Қонақтарға жеңіс сыйлаған голды 71 минутта Сон Хын Мин соқты. Ал мәскеулік клубтың қақпашысы Игорь Акинфеев Чемпиондар лигасында 39-шы ойын қатарынан қақпасына гол соқтырып, антирекордын кезекті рет жаңартты.

«F» тобы

«Боруссия» (Дортмунд, Германия) - «Реал» (Испания) 2:2

Дортмундта өткен ойында 2:2 есебі тіркелді. Бірінші болып 17 минутта Криштиану Роналду «корольдік клубты» алға шығарғанмен, 43 минутта Обамеянг есепті теңестірді. 68 минутта Рафаэль Варан өзіне келген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, «Реалды» екінші рет алға шығарды. Дегенмен Томас Тухель жаттықтыратын клуб ойын соңында тағы да таразы басын теңестіріп кетті. Бұл жолы ойынға екінші таймда қосылған Андре Шюррле командасын жеңілістен құтқарып қалды.

Айта кетейік, осы ойында Криштиану Роналду Чемпиондар лигасындағы 95-голын соқты.

«Спортинг» (Португалия) - «Легия» (Польша) 2:0

Лиссабондық клуб өз алаңында «Легияны» екі доп басымдығымен ұтты. Ал поляк клубы топтық кезеңде әлі гол салған жоқ. Бірінші ойында дортмундтық «Боруссиядан» 6:0 есебімен ойсырай ұтылған болатын.

«G» тобы

«Лестер» (Англия) - «Порту» (Португалия) 1:0

Чемпиондар лигасына алғаш рет қатысып жатқан ағылшындық «Лестер» топтағы екінші ойынын жеңіспен аяқтады. Ағылшын футболы тарихында ешбір клуб алғашқы екі ойынында мұндай нәтижеге қол жеткізбеген. Команданың биылғы ішкі біріншіліктегі ойыны ала-құла болғанмен, Чемпиондар лигасындағы кездесулері сәтті өтуде. Топтағы екінші ойында «Портуды» 1:0 есебімен ұтты. Гол авторы – Ислам Слимани.

«Копенгаген» (Дания) - «Брюгге» (Бельгия) 4:0

Дат ұжымы өз алаңында «Брюггені» 4:0 есебімен ойсырата ұтып, топтағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 4 гол да екінші таймда соғылды.

«H» тобы

«Севилья» (Испания) - «Лион» (Франция) 1:0

Испандық клуб өз алаңында Францияның «Лион» командасын жеңді. 53 минутта Виссам Вен Йеддер соққан гол алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Ал 69 минутта «Севилья» сапынан Виетто пенальти орындай алмады.

«Динамо» (Загреб, Хорватия) - «Ювентус» (Италия) 0:4

Туриндік клуб сырт алаңда Загребтің «Динамо» ұжымына жауапсыз 4 гол соқты. Миралем Пьянич, Гонсало Игуаин, Пауло Дибала және Дани Алвес гол авторлары атанды.

Бүгін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «А», «В», «С» және «D» топтарындағы ойындар өтеді.