Универсиада-2017. Шайбалы хоккей жеребесі тартылды

Универсиада-2017. Шайбалы хоккей жеребесі тартылды
Фото: almaty2017.com

Шайбалы хоккейден Алматыдағы Универсиадаға қатысатын ерлер және әйелдер құрамаларының жеребесі тартылды. Бұл туралы доданың ресми сайты хабарлады.

Шайбалы хоккей жарыстарына барлығы 12 ер және 7 әйел командасы қатыспақ. Ерлер командасы 4 командадан тұратын 3 топқа, ал әйелдер «А» тобында 4 команда, «В» тобында 3 команда болып 2 топқа бөлінді.

Қазақстан Универсиаданы өткізуші ел ретінде «А» тобында нөмірі бірінші команда болып жарысқа түсетін болады.

Ерлер құрамасы арасында жеребе тарту нәтижелері келесідей: «А» тобында Қазақстан, Чехия, Швеция, Қытай құрамалары бақ сынайды. «В» тобының құрамына Канада, Словакия, АҚШ, Ұлыбритания, «С» тобына Ресей, Жапония, Корея және Латвия кірді.

Әйелдер командасы арасында «А» тобында Қазақстан, Канада, Қытай және Ұлыбритания құрамалары сынға түседі. «В» тобында Ресей, Жапония, АҚШ командалары бәсекелеседі.

Жеребе тастау рәсіміне Канададан келген делегация өкілі Ари Джошуа Гроссман қатысты. Жеребе туралы ойын айтып, қарсыластарының қарымын тілге тиек етті.

- Әйелдер арасындағы хоккей жайлы айтар болсақ, біз ойындарды ұйымдастырып отырған елдің құрамасымен бірге бір топта өнер көрсететіндігімізге қатты толқып тұрмыз. Қазақстан командасымен тамаша алаңда ойын көрсету үшін  сайыстардың басталғанын тағатсыздана күтудеміз. Сондай-ақ, топ ішінде ҚХР құрамасы бар, өте мықты бәсекелес, олар таяудағы жарыстарда жүлдегер атанды. Төртінші команда – Ұлыбритания құрамасы, олар соңғы жылдары өте қарқынды дамып өсіп келеді. Қарсыластарымызбен кездесуді асыға күтудеміз және де біздерді өте қызықты ойын күтіп тұр деп ойлаймын, - деді.

Гроссман мырза ерлер арасындағы хоккей ойындары да өте әсерлі өтеді деп сендірді.

- Біздің құрама Словакия мен Ұлыбританияның аса мықты және қызықты командаларымен жарысқа түседі. Канада мен АҚШ туралы айтар болсақ, бәсекелес болу біздің тарихымызда жазылған. Хоккей бойынша сайыстар біздің командалар арасындағы жарыспен басталады деп ойлаймын және бұны тағатсыздана күтіп отырмыз. Сондай-ақ, Словакия құрамасымен ойнау әрқашанда қиын. Жалпы алғанда, арамызда Ресей, Қазақстан, Швеция, Словакия секілді аса мықты командалар көп. Ойындарды тамашалау және кімнің жеңіске жететіндігін көру аса қызықты болмақ. Ойындардың басталғанын асыға күтеміз, – деді ол.

Алматыдағы кездесу Универсиадаға қатысушы елдерден келген делегаттарды үлкен әсерде қалдырды.

- Қарым-қатынас құрып, тәжірибе алмасу және де нағыз спорт мерекесін тойлау үшін сіздердің сұлу қалаларыңыз бүкіл әлем студенттерінің басын қоспақ, – деп атап өтті Қырғызстан Республикасы Ұлттық студенттер спорты федерациясы төрағасының орынбасары Альшиораз Бабаев.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин бастаған делегация, сондай-ақ, ұлттық студенттер спорты федерацияларының басшылары 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада жарыстарының өткізілетін спорт нысандарына 13-17 қыркүйек күндері аралығында тексеру жүргізгендігін еске саламыз. Жалпы алғанда делегаттар Атлеттер ауылына, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешеніне, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайына, «Алматы арена» мұз сарайына, «Медеу» биік таулы мұз айдынына және «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне, «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніне, «Табаған» спорт ойын-сауық кешеніне барып қайтты. Делегаттардың спорт нысандарының жағдайына көңілдері толды және де Универсиадаға дайындық барысы  FISU талаптарына сәйкес жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

18 қыркүйек күні кешке делегация мүшелері «Алматы арена» мұз сарайының ашылу салтанатына және де осы нысанда қаланың 1000 жылдығын тойлауға арналған гала-концертке қатысты.

Ө. Сансызбай