Қанат Ислам Алматыда ганалық боксшымен жұдырықтасады

Қанат Ислам Алматыда ганалық боксшымен жұдырықтасады
Фото: google.kz, jasqazaq.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның қарсыласы белгілі болды. Отандасымыз 29 қазан күні Алматыда ганалық боксшы Патрик Аллотеймен жұдырықтасады.

Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.

Қанат Ислам мен Патрик Аллотей Алматыда WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласады. Жекпе-жек Алматы қаласында «Almaty arena» спорт кешенінде өтеді. Бас демеуші «ZHERSU» корпорациясы. Бокс кешінде басқа да қазақстандық кәсіпқой боксшылар жұдырықтасады деп жоспарлануда. Жекпе-жектің билеттері жақында сатылымға шығады.

Ө. Сансызбай