Қазақстан хоккейшілері Олимпиада жолдамасын иелене алмады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан хоккейшілері Олимпиада жолдамасын иелене алмады
Фото ©️ hockey2016.rsport.ru

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчанг қаласында өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінде Францияға ұтылып, жолдамадан қағылды.

БӨЛІСУ

Норвегия елінің астанасы Ослода өтіп жатқан іріктеу турнирінің бірінші күні отандастарымыз мұз айдын иелерін овертаймда ұтқанмен, бүгін француздардан айласын асыра алмады. Нәтижесінде Андрей Назаров жаттықтыратын ұлттық құрама Олимпиада жолдамасынан үмітін үзді.

Қазақстан құрамасы ойынның 20 секундында-ақ Найджел Доустың соққан голынан кейін алға шыққан болатын. Алайда бірінші кезең аяқталғанша француздар есепте 2:1 есебімен басымдыққа ие болды. Екінші кезеңде есеп өзгермеді. Ал ойын соңында Франция құрамасы қазақстандық хоккейшілерді екі рет қапы қалдырып, есепті 4:1-ге жеткізді.

Айта кетейік, топта бірінші орынмен шыққан құрама ғана 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчанг қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.

Пхенчангтағы Олимпиада ойындарына әлемдік үздік сегіздікке енетін Швеция, Финляндия, Канада, АҚШ, Ресей, Чехия, Швейцария мен Словакия құрамалары тікелей жолдама алса, Оңтүстік Корея жарысты ұйымдастырушы ел ретінде додаға іріктеусіз өтті.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына өз тарихында екі рет қатысқан. 1998 жылғы олимпиадада ширек финалға дейін жетіп, Канададан жеңілген.