«Ордабасы» қарымта ойында «Чукаричкимен» тең ойнады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Ордабасы» қарымта ойында «Чукаричкимен» тең ойнады (видео)
Фото ©️ vk.com

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы Еуропа лигасының екінші кезеңіне өте алмады. Сербияның «Чукарички» клубымен өткізген екі ойынның қорытындысы бойынша 6:3 есебімен қарсыластарына жол берді.

БӨЛІСУ

Бүгін Шымкентте өткен қарымта ойында 3:3 есебі тіркелді. 21 минуттың ішінде өз қақпаларына үш гол соқтырып алған қазақстандық клуб ойын соңына дейін таразы басын теңістіре білді. Бұл команданың екінші кезеңге өтуіне жеткілікті нәтиже емес еді. Себебі Бақтияр Байсейітов жаттықтыратын клуб бірінші ойында «Чукаричкиден» 3:0 есебімен ойсырай ұтылған болатын.

«Ордабасы» өз алаңындағы ойынды сәтсіз бастағанмен, жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ойындағы басымдықтарын байқатып, есепті теңістіре білді. Алғашқы минуттарда сербиялық клуб сапынан Станиша Мандич дубль авторы атанса, бір голды Асмир Каевич соқты. Ал «Ордабасы» сапынан Александр Гейнрих, Еркебұлан Тұңғышбаев пен Темірлан Ерланов гол соқты.

Айта кетейік, бүгін Еуропа лигасында «Ордабасыдан» өзге «Қайрат» пен «Ақтөбе» футбол клубтары да қарымта ойындарын өткізеді. Алматылық ұжым өз алаңында Албанияның «Теута» клубымен ойнаса, «Ақтөбе» сырт алаңда Венгрияның «МТК Будапешт» клубымен ойнайды. Бірінші ойында «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жетсе, Ақтөбедегі ойында 1:1 есебі тіркелген болатын.