Допинг дауы Чиншанлоға да жетті ме?

О Сансызбай Корреспондент
Допинг дауы Чиншанлоға да жетті ме?
Фото ©️ 24horas.cl

Қытайдың «China Post» басылымы қазақстандық ауыр атлет Зульфия Чиншанлоның 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада допинг қолданғаны туралы ақпарат таратты. Спортшының алғашқы сынамасы оң нәтиже бермеген.

БӨЛІСУ

Қазіргі таңда 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшылардың сынамалары қайта қаралып жатыр. Осыған дейін ауыр атлетика спорты бойынша екі Олимпиадада 10 спортшы допинг қолданғаны туралы айтылған болатын. Оның ішінде біреуі Пекин Олимпиадасында, төртеуі Лондон Олимпиадасында топ жарған спортшылар екені де хабарланған еді. Қытайлық басылым соның бірі ретінде Зульфия Чиншанлоның есімін атап отыр.

Бұл ақпаратқа қатысты Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Спортшылардың «Б» сынамасы бойынша қорытынды шығатын болады.

«China Post» басылымының жазуы бойынша, Зульфия Чиншанлоның допинг қолданғаны анықталатын болса, алтын медаль қытайлық Тайпей спортшысы Хсу Шучинге беріледі екен. Сондай-ақ Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылады деп жазған.

Айта кетейік, осыған дейін 94 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов допинг дауына қалып, Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылған еді.