Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады (видео)

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады (видео)
Фото: vk.com, vesti.kz

Хоккейден Ресейде басталған әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы жеңіспен бастады. Отандастарымыз топтағы алғашқы ойынында Швейцария құрамасын буллит сериясында ұтты.

Андрей Назаров шәкірттерінің бірінші болып есеп ашуға мүмкіндігі болған. Алайда Найджел Доус өзіне берілген буллитте қарсылас қақпашысынан айласын асыра алмады. 15 минутта Самуэль Валзер Швейцария құрамасын алға шығарды.

Екінші кезең Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Швейцариялықтар шабуылда ширақ ойнағанмен, қарымта шабуылда қазақстандық хоккейшілер қарап қалған жоқ. 31 минутта Роман Савченконың алыстан бағыттаған шайбасы қарсыластардың қақпасынан бір-ақ шықты. Бұл голды жиналған жанкүйерлер түгіл, қақпашы да аңғармай қалғандай болды. Бұл сәтте Қазақстан құрамасы бір ойыншыға кем ойнап жатқан да болатын. Сондай-ақ, швейцариялықтардың да шайба соғуына бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ, Қазақстан құрамасының қақпашысы Виталий Колесник сәтті өнер көрсетіп, қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ.

Үшінші кезең нағыз тартысқа толы болды. 51 минутта Евгений Рымаревтан пас алған Роман Старченко Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды. Өкінішке орай, араға 2 минут сала Денис Холенштайн таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижесінде негізгі уақыт тең аяқталып, овертайм уақыты белгіленді. Овертаймда қос құрама есепке өзгеріс енгізе алған жоқ.

Ойын соңындағы буллит сериясында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Найджел Доустың шешуші соққысы мен Виталий Колесниктің шеберлігі Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Нәтижесінде 2 ұпайға ие болған отандастарымыз топта екінші орында тұр.

Ойында Қазақстан құрамасы сапынан Роман Старченко, швейцариялықтардан Денис Холенштайн үздік ойыншы атанды.  

Ө. Сансызбай