Мессидің 500-голы «Барсаны» жеңілістен құтқармады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Мессидің 500-голы «Барсаны» жеңілістен құтқармады (видео)
Фото ©️ vk.com

Каталондық «Барселона» Испания ла лигасында үшінші ойын қатарынан жеңіліс тапты. Бұл жолы Луис Энрике жаттықтыратын клубты «Валенсия» жеңіп кетті.

БӨЛІСУ

«Камп Ноуда» өткен ойында қонақтар 2:1 есебімен басым түсті. 26 минутта Иван Ракитичтің аяғына тиіп, бағытын өзгерткен допты Клаудио Браво қайтара алмады. Нәтижесінде «Валенсия» есеп ашып, ойында алға шықты. Бірінші тайм аяқталар тұста Мина есепті еселеп, алаң иелерін тығырыққа тіреді.

Екінші таймда «блауграна» тайлы-тұяғымен шабуылға шықты. 63 минутта Жорди Альбаның пасын сәтті пайдаланған Лионель Месси спорттық мансабындағы 500-голын соқты. Алайда аргентиналық сұрмергеннің соққан голы командасына ұпай алып келмеді. Ойын соңына дейін шабуылын тоқтатпаған «Барса» қарсыластар қақпасына гол соға алмады. Жерар Пике де таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндік болған. Бірақ, қорғаушы өзіндегі мүмкіндікті мүлт жіберді. Сондай-ақ, қорғаныста ойнаған «Валенсия» ойыншылары да қарымта шабуылдағы мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалана алған жоқ.

Ла лиганың ХХХІІІ тур ойындары қорытындысы бойынша каталондық «Барселона» мен мадридтік «Атлетиконың» ұпайы теңесті. Екі клубта да 76 ұпайдан бар. Ал «корольдік клуб» 1 ұпайға қалып келеді.

Келесі турда «Барса» сырт алаңда «Депортивомен», «Атлетико» түзде «Атлетикпен» ойнайды. «Реал» өз алаңында «Вильярреалмен» 3 ұпайды сарапқа салатын болады. Ойындар 20 сәуірге жоспарланған.