Жүсіпов пен Шакимова Қытайдағы турнирді жеңіспен бастады

О Сансызбай Корреспондент
Жүсіпов пен Шакимова Қытайдағы турнирді жеңіспен бастады
Фото ©️ alaman.kz

Қазақстандық боксшылар Абылайхан Жүсіпов пен Дариға Шакимова Қытайдың Цяньань қаласындағы Азия мен мұхиттық елдер арасында Олимпиадаға жолдама тарататын іріктеу турнирін жеңіспен бастады.

БӨЛІСУ

Ерлер арасында 64 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап келе жатқан Абылайхан Жүсіпов бірінші іріктеу кезеңінде үндістандық Манож Кумарды ұтты. Төрешілер (10:9, 10:9, 10:9) есебімен отандасымызды жеңімпаз деп таныды.

Абылайхан Жүсіпов 1/8 финалда осы салмақ дәрежесінде бірінші орында тұрған оңтүстік кореялық Хунчул Лиммен жұдырықтасады. Жекпе-жек 28 наурыз күні өтеді.

Қыздар арасында 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Дариға Шакимова бірінші кезеңде оңтүстік кореялық Шинхен Киммен рингке шығып, 3:0 есебімен басым түсті. Отандасымыз келесі кезеңде моңғол қызы Энхбаатарун Ердентиямен жұдырықтасады.

27 наурыз күні шаршы алаңға Қазақстан құрамасы сапында Жәнібек Әлімханұлы жапон боксшысы Макото Такахашимен, қыздар арасында Назым Ишанова тонголық Пуэка Фифитамен жұдырықтасады. Ал әлем чемпионы Назым Қызайбай бес дүркін әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері үндістандық Мари Комға қарсы жекпе-жек өткізеді.