«Қайраттың» экс-бапкері Грузия құрамасын жаттықтырады

«Қайраттың» экс-бапкері Грузия құрамасын жаттықтырады
Фото: massaget.kz

Алматының «Қайрат» футбол клубының экс-бапкері Владимир Вайсс Грузия ұлттық құрамасын жаттықтыратын болды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Словакиялық маман Грузия футбол қауымдастығымен екіжылдық келісімшартқа қол қойған. Сондай-ақ қос тарап 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде топта үшінші орын алуды мақсат тұтқан. Егер бұл жоспарлары жүзеге асып жатса, Владимир Вайсс қосымша сыйақы алатын болады. Ал негізгі жалақысы ұлттық құраманың бұрынғы бапкері Кахабер Цхададзеден аз алатыны айтылып отыр. Оның жалақысы 50 мың АҚШ доллары көлемінде болған.

Айта кетейік, Владимир Вайсс Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыруы мүмкін екені де айтылған болатын. Алайда Грузияны жаттықтыратын болды. Бір қызығы, словакиялық маман Грузия ұлттық құрамасы бапкері қызметіндегі алғашқы ойынын Қазақстан құрамасына қарсы өткізеді.

Владимир Вайсс «Қайрат» клубының бас жаттықтырушысы болып 2012 жылы тағайындалған болатын. Осы уақыт аралығында алматылық клуб ел чемпионы атанбағанмен, екі жыл қатарынан ел кубогын жеңіп алды. Биылғы маусымда соңғы турға дейін чемпиондық атаққа таласып, екінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, екі рет ел премьер-лигасының қола жүлдегері атанды. Бапкер жаттықтыруымен «Қайрат» 2015/2016 жылғы еурокубок маусымында алғаш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті.

Ө. Сансызбай