Әйгілі Джокович қазақстандық теннисшіні әрең жеңді

Әйгілі Джокович қазақстандық теннисшіні әрең жеңді
Фото: vesti.kz

«Дэвис кубогының» 1/8 финалында әлемнің нөмірі бірінші ракеткасы Новак Джокович Михаил Кукушкинді бес сетте ғана жеңіп шықты.

Новак Джокович пен Михаил Кукушкин арасындағы ойын 4 сағат 56 минутқа созылды. Әйгілі Джокович қазақстандық теннисшіні әрең жеңді деуге де болады. Бірінші сетте қос теннисші де өз геймдерінде қателікке бой алдырған жоқ. Нәтижесінде жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Михаил қарсыласын 8:6 есебімен ұтып шықты.

Екінші сетті Михаил Кукушкин қателікпен бастады. Төртінші геймде өз қателігін түзегенмен, тай-брейк сериясында 7:3 есебімен Новак Джоковичтің мысы басым болды.

Үшінші сетті Михаил Кукушкин өте сәтті өткізді. Қарсыласына қарсы екі брейк жасап, бірден 5:2 есебімен алға шықты. Алайда әлемнің бірінші ракеткасы есепті екі геймге дейін қысқарта білді. Қорытындысында 6:4 есебімен қазақстандық теннисші жеңіске жетті.

Соңғы екі сетте серб теннисшісінің жолы болды. Төртінші сетте 6:3 есебімен жеңіске жетсе, бесінші сетте 6:2 есебімен басым түсті. Нәтижесінде Сербия мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойында таразы басы теңесті. Алайда шешуші ойында Александр Недовесов пен Виктор Троицкийге есе жіберіп, Қазақстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалды. 

Ө. Сансызбай