«Галатасарай» - «Астана» ойынына шотландиялық төрешілер қазылық жасайды

«Галатасарай» - «Астана» ойынына шотландиялық төрешілер қазылық жасайды
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойынын елордалық «Астана» Стамбулда жергілікті «Галатасарайға» қарсы өткізеді. 8 желтоқсан күні өтетін кездесуге шотландиялық қазылар төрелік жасайды.

8 желтоқсаннан 9-на қараған түні өтетін ойында бас қазы қызметін шотландиялық Крейг Томсон атқаратын болады. Алаң жиегінде оған Дэвид Макгичи мен Уильям Конкуэр көмектеседі. Төртінші төреші қызметін Алан Малвэнни атқарса, қосымша көмекшілер қызметін Стивен Маклин мен Кевин Клэнси атқарады.

Ойындағы бас төреші Крейг Томсон ФИФА құрамындағы тәжірибелі төрешілердің бірі. Бұл қызметті 16 жасынан бастаған шотландиялық қосымша қорғаушы (адвокат) қызметін де қатар алып жүр екен. Бұл маусымдағы Чемпиондар лигасында «Валенсия» - «Зенит» және «Ювентус» - «Боруссия М» ойындарына қазылық жасады.

Айта кетейік, «Астана» Стамбулда «Галатасарайды» жеңетін болса Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шығатын болады. Кездесуді «ОН ТВ» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Ө. Сансызбай