Владимир Кличко бар атағынан айырылды (видео)

Владимир Кличко бар атағынан айырылды (видео)
Фото: vesti.kz

Украиналық кәсіпқой Владимир Кличко британдық Тайсон Фьюриден жеңіліс тауып, аса ауыр салмақтағы IBF, IBO, WBA және WBO чемпиондық белбеулерінен айырылды.

Дюссельдорфтағы әлем көз тіккен жекпе-жек 12 раундқа созылды. Нәтижесінде украиналық танымал боксшыдан ширақ қимылдап, қорғаныстағы сәтті қимылымен ерекшеленген Тайсон Фьюри қарсыласынан басым түсті. Төрешілер 115-112, 115-112 және 116-111 есептерімен британдық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды.

Жекпе-жектен кейін Владимир Кличко қарсыласын жоғары бағалап, әлі қарымта кездесу өтетінін мәлімдеді.

- Мен жақсы дайындықта болдым. Тайсон жылдам әрі ширақ болды. Одан мұндай серпін күтпеген едім. Өзіме жылдамдық жетіспегенін анық сезіндім. Төрешілерді жеңісті қарсыласыма беретінін сездім. Өзіме сенімді болғаныммен, жеңіске бастар жолды таба алмадым. Десе де менде қарымта жекпе-жек өткізуге мүмкіндігім бар, - деді украиналық боксшы.

Айта кетейік, британдық Тайсон Фьюри спорттық мансабындағы 25-ші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Оның 18-ін нокаутпен жеңген. Ал Владимир Кличко болса 68-ші кездесуін өткізіп, 4-ші жеңілісіне ұшырады. Соңғы украиналық боксшы 2004 жылы америкалық Лаймон Брюстерден жеңілген болатын. 

Владимир Кличко мен Тайсон Фюри жекпе-жегінің андеркартында қазақстандық боксшы Антон Пинчук АРВ жобасы аясында неміс Дэвид Графты ұпай айырмасымен жеңіп, өз тобында бірінші орынға шықты. 

Н. Үсенова